Әсем әуен дала кезіп барады,
Ару балқып, жігіт төмен қарады.
Селт етерлік сезім кетті сел болып,
Домбыраның күй төккенде шанағы.
Перне қуған, сүйрік саусақ салалы,
Кейде желіп, кейде орғып шабады.
Сала құлаш шанағынан сыңсыған,
Аққу ұшып, қаздар қайтып барады.
Тұлпардың дүбір қаққан тұяғы,
Көкірекке сырлы сарын құяды.
Сыңғырлаған сан мың әуен, япыр-ау,
Шанағына қалай ғана сияды?