Сапар шексем алысқа,
Сен жанымнан қалмайсың.
Қиындықта қалыспай,
Қиялымды жалғайсың.
Мол бақыттың жайын да
Сырласумен айта алдық.
Қарағай мен қайыңдай,
Қатар тұрып жайқалдық.
Сәулем, сәулем, сәулем,
Кір шалмаған арымсың.
Сезімдегі жалынсың,
Басымдағы бағымсың.
Домбыраның үні — сен,
Жүрегімнің жыры — сен,
Жанарымның нұры — сен.
Күндіз күлген күнімсің,
Түнде туған айымсың.
Жайнап тұрған гүлімсің,
Ойға шомған қайыңсың.
Домбыраға тағылған,
Егіз шектей жұптастық.
Үміт алда жағылған,
Келешекке нық бастық.
Сәулем, сәулем, сәулем,
Кір шалмаған арымсың.
Сезімдегі жалынсың,
Басымдағы бағымсың.
Домбыраның үні — сен,
Жүрегімнің жыры — сен,
Жанарымның нұры — сен.
Көзің сенің мөлдір көл,
Тымық күйде жолықтым.
Шарасынан сол бір көл,
Төгілер деп қорықтым.
Жаз орнатқан жаныма,
Сәулем — сұлу сезімсің.
Жарық күнді силаған,
Жанарым да өзіңсің.
Сәулем, сәулем, сәулем,
Кір шалмаған арымсың.
Сезімдегі жалынсың,
Басымдағы бағымсың.
Домбыраның үні — сен,
Жүрегімнің жыры — сен,
Жанарымның нұры — сен.